Предисловие
Әдебиетте жеңіл жазылғанымен «жолы болғыш» саналатын кейбір шығармалар болады және жазушы өз еңбегінің лайықты бағасын замандастары тұрғысынан дер кезінде алып та үлгеріп жатады. Ал, Ілияс Есенберлиннің «Мұхиттан өткен қайық» романы туралы мұндайды айта алмайсың. Негізінен ғұмырбаяндық сарындағы аса тартымды бұл шығарма сонау алпысыншы жылдары бір деммен жазылып шықты да... Отыз жылдай баспахана «тартпасында» сүрленіп жатып қалды. Автор осы кезең ішінде сыңарезу цензура талаптарына түсінбей әбігерге түсіп, кітапты қайта-қайта түзетіп, қисынсыз қорлық пен қиянатқа төзіп бақты.
Зор энциклопедиялық білім мен қанатты қалам иесі туған халқының тұтас дәуірлік ғұмырын қамтитын көптеген тарихи туындылар туғызу арқылы тереңге сүңгіп, өз кейіпкерлерінің тағдырларын жан-жүрегінен өткізе, олардың бейнелеріне біте қайнаса бірігіп кетіп отырады. Бұл мәнер оған жаңа заманның құбылыстарын да байсалды саралауға оңтайлы жәрдем жасаған сияқты, себебі автор осынау соңғы шығармасында да дәрменсіз баласының болашағынан үміт күтіп, оны шексіз сүйетін ата-ана секілді төл туындысын аяусыз азаптың бәріне төтеп бере отырып, ғажап сүйіспеншілікпен жазып шыққан. Және бұл романды қандай да қиындыққа қарамастан бітіріп шығуға міндетті де еді. Алайда анау отызыншы жылдары тағдыр тәлкегіне түсіріліп, қырғынға ұшыратылған қазақ зиялылары туралы жазылған бұл шығарманы цензура шығартушы ма еді?! Десе де, І. Есенберлин өз қаһарманының тағдырын 60–70-ші жылдар кезеңімен шебер салғастыра өре отырып, шынайы болмысқа ғасырлар призмасы арқылы үңіле ой түйеді. Өйткені өткен шақсыз болашақ та жоқ.